Книги по бизнесу и учебники по экономике. 8 000 книг, 4 000 авторов

» » Читать книгу по бизнесу Қарсақбай және қарсақбайлықтар Мұхтар Сейтжанов : онлайн чтение - страница 3

Қарсақбай және қарсақбайлықтар

Правообладателям!

Представленный фрагмент книги размещен по согласованию с распространителем легального контента ООО "ЛитРес" (не более 20% исходного текста). Если вы считаете, что размещение материала нарушает ваши или чьи-либо права, то сообщите нам об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?

  • Текст добавлен: 13 марта 2021, 13:38

Текст бизнес-книги "Қарсақбай және қарсақбайлықтар"


Автор книги: Мұхтар Сейтжанов


Раздел: Биографии и Мемуары, Публицистика


Возрастные ограничения: +12

Текущая страница: 3 (всего у книги 6 страниц)

Биназаров Қазыбай (18.02.1936, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай кенті) – КСРО түсті металлургия саласының құрметті металлург (1978). Жамбыл Жабаев атындағы алтыжылдық мектепте орташа білім алған. Еңбек жолын 1953 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытында токарьдын шәкірті болып бастаған. 1954 жылдан Қарсақбай темір жолында кочегар, 1959 жылдан машинист көмекшісі, 1961 жылдан темір жолдың бас кондукторы болды. 1975 жылдан 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Қарсақбай металлургиялық зауытының құю-механикалық телімінде дайындаушы, шихтовшы, ұста болып абыройлы еңбек етті. «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100-жыл толуы құрметіне» (1970), «Ерлік еңбек үшін» (1981) медальдарымен марапатталған.


Биназаров Қазыбай


Богатырев Марк Евсеевич (1902, Сталинград облысы, Илавлин ауданы – ө.ж.б.) 1913—1925 жылдары туған жерінде ауыл шарушылығы саласында еңбек етті. 1925—1929 жылдары Сталинград қаласындағы «Красный октябрь» зауытында жұмысшы, кейін бригадир болды. 1929—1930 жылдары сол қаладағы трактор зауытында тойтарғыш, бригадир жұмысын атқарды. 1930 жылдан бастап БК (б) П мүшесі. 1930—1933 жылдары Магнитогорск қаласындағы домна цехында шебер, домналарды монтаждау бойынша прораб болды. 1932 жылы домна пештерін монтаждауда нормасын асыра орындаған үшін Одақтық атқару комитетінің алғыс хатымен және ақшалай 200 рубльмен марапатталған. 1933—1934 жылдары Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытында Мартен пештерін монтаждау бойынша шебер болып істеді. 25.10.1934 жылы Харьков қаласындағы Украина өнеркәсіп академияның металлургия факультетіне түсіп, 15.07.1938 жылы болат құюшы мамандығын алып шықты. Богатырев 1938 жылы 17 тамызда КСРО Ауыр өнеркәсібінің халық комиссары Л.М.Кагановичтың өкімімен Қарсақбай мыс қорыту комбинаты директорының орынбасары етіп тағайындалды. 1500 рубль жалақы бекітіліп, жеке пәтер берілді. 1938 жылы Қарсақбай комбинатынан Жезқазған мыс кеніші заңды тұлға болып бөлініп шықты. Байқоңыр көмір ошағы Қарсақбай мыс зауыт құрамында қалды. Зауыт директорлығына Богатырев тағайындалды.


Болманов Қыдырәлі Нұртайұлы (1964, Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Өрнек ауылы) Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясын (1991) бітірген. 1987 жылы Грозный қаласында жас әншілер конкурсында лауреат атанған. 1988 жылы «Жігер-88» республикалық конкурсының лауреаты, 1990 жылы Данияда өткен «Борнхольм-90» халықаралық конкурсының бірінші орын иегері, 1991 жылы «Азия дауысы» халықаралық конкурсының дипломанты. 2001 жылы «Золотой диск» атты конкурстың жүлдегері болған. 2010 жылы «Бал-бала» атты ұлттық реңктегі ойыншықтар жасау жобасын іске асырған және осы идеяның авторы. 2001 жылы ҚР Прзиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан Алғыс хат алған. Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.


Болманов Қыдырәлі


Боранбаев Иса (1923, Қостанай облысы, Торғай уезі, Қайдауыл болысы, Байқоңыр кенті – 1984). Жастайынан әкеден жетім қалған он бір жасар жасөспірімді кеңес органдары Шымкент қаласындағы жетім балалар үйіне тапсырған. Оқуды жақсы оқыған Боранбаев Түркістандағы мәдени-ағарту қызметкерлерін даярлайтын екі жылдық мектепке оқуға жіберілген. 1942 жылы қаңтар айында өзі сұранып ҰОС аттанды. Елге 1945 жылы оралғаннан кейін Қарсақбай аудандық партия және атқару комитетінің жауапты қызметтерде істеді. Жезқазған кен-металлургия комбинатының мыс қорыту заводында партком хатшысы, қалалық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. СОКП Орталық Комитетінің 1954 жылғы ақпан-наурыз Пленумдарының қаулыларына сәйкес отыз мыңдықтардың сапында В. И. Ленин атындағы ұжымшардың басқарма төрағасы болып сайланды. 1957 жылы наурыз айында оның негізінде құрылған Сарысу кеңшарының директоры. «Сарысу» кеңшары асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін ірі қой зауытына айналды. 1973 жылы Жезқазған облыстық ауыл шаруашылығы жайылымдықтарын суландыру басқармасының бастығы болып тағайындалды. Еңбек Қызыл Ту (1964) орденімен, медальдармен марапатталған.


Боранбаев Иса


Бөкейханов Сергей (Үгедей) Әлиханұлы (1905—1957) – инженер-геолог. Алаш Орда автономиясын қалаушылардың бірі, «Алаш» қазақ ұлттық партиясының төрағасы, сол саяси аласапыран кезде ұлт көсемі атанған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың отбасында дүниеге келген. 1929 жылы Москва кен академиясын бітірді. Еңбек жолын Қарсақбай мыс комбинатында бастаған. Оған себеп болған Қаныш Сәтбаевтың жан-жақтан бұрғылаушылар мен инженер-техниктерді жинап, Жезқазғанда барлау жұмыстарын қарқындату еді. «Бөкейхановты Қарсақбайға баруға біржола көндірген сияқтымын» – деп жазады Қ. Сәтбаев Москвадан жұбайы Т.А.Кошкинаға жіберген хатында.

Бөкейханов 1930 жылы Қарсақбай комбинатының геологиялық кеңсесінде аймақтық геолог болып жұмысқа қабылданды. 1934 жылы Москвада өткен КСРО Ғылым Академиясының Үлкен Жезқазған мәселесін талқылаған төтенше ғылыми сессиясында жас геолог мінбеге шығып «Жезқазғанның кен аймағы және структурасы» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол баяндама келесі жылы жарық көрген «Большой Джезказган» жинағында жарияланды.

1935 жылдан бастап, әкесі Москвадан шығу мүмкіндігінен айырылғандықтан, Бөкейханов өз мамандығы бойынша Оралдағы Блява мыс өндірісіне ауысады. Кейін Хакас автономия облысының Сор қаласында геологиялық барлау экспедициясының бас инженері болды. Мыс және уран кендері бойынша бірнеше ғылыми еңбектері жарық көрген.

Дереккөз: Қаныш Сәтбаев. Энциклопедия / Бас редактор Б.Ө.Жақып. Алматы. «Қазақ энциклопедиясы». 2011 жыл. М. Сейтжанов.


Бөрібаев Сергей Әлімжанұлы (1943, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау селосы – 2004, Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы) 1967 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша инженер-электрик болып еңбек етті. Кеңес әскері қатарында борышын өтеп келгеннен кейін партия қызметіне шақырылады. 1973—1983 жылдары Жезді ауданы «Байқоңыр» кеңшары партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды. 1983 жылы еңбекшілер депутаттарының аудандық кеңесі аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы етіп бекіткен. Қарсақбай мыс қорыту зауыты жабылып, оның материалдық базасы негізінде шойын қорытатын зауыт қалыптасып жатқан кезеңде зауыттың партия бюросына жетекшілік етті, соңғына зауыттың бас инженері болып еңбек етті. Бөрібаев аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, ауаткомның мүшесі болды. Жұмыстың қай саласы болсын өзінің біліктілігімен, іске берілгендігімен, қағидашылығымен көпке көріне білді.


Бұқабаев Науан Қапарұлы (22.06.1935—23.05.2010) – инженер-металлург. 1960 жылы Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Қарсақбай мыс қорыту зауытында горновой (1960), аға инженер-зерттеуші, шарпу пешінің аға шебері (1961), өндірістік телімінің шебері (1962), конвертор телімінің бастығы (1963), металлургиялық цехтың бастығы (1972). 1973 жылы зауыттың бас инженері болып тағайындалды. 1979 жылы зауыт партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Мыс өндірісі тоқтап, зауытты басқа салаға бейімдеу қолға алынғанда тәжірибелік-сынақ телімін басқарды. Қазақ ұлттық металлургиясының қарашаңырағын мақтан тұтты, оның жабылып қалмауына атсалысты, шойын қорытатын тәжірибелік телімді өз қолымен іске қосты.


Бұқабаев Науан


Бұқарбаев Арықбай (1899, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы – ө.ж.б.) 1928 жылы Қарсақбай мыс зауытының электр станциясына шуровшы болып қабылданады. 10 жыл отжағушы, аға отжағушы, қазандықты тазартушы болып істейді. 1949 жылы шуровшы болды. Өзі сауатсыз болса да мамандығының қыры-сырын жетік білді. Марапат парағында зауыт директоры В. Багреев төмендегідей мінездеме береді: «Бұхарбаев жолдас орталық электр станциясындағы ең үздік стахановшылардың бірі, жұмыс нормасын 168% асыра орындап келеді. Өте үлгілі және адамгершілігі зор жұмысшы. Аса белсенді, бастамашыл, қажырғырлы. Өзіне де, өзімен бірге істейтін әріптестеріне де қатан талаппен қарайды. Тәртіпбұзушылық мүлде болған емес. Орталық электр станция қоғамдық өміріне белсене қатынасады. 1951 жыл 23 шілде». А. Бұқарбаев «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен, КСРО Жоғары Кеңесі төлалқасының қауылысымен елдегі ең жоғарғы марапат – Ленин орденімен (1951) марапатталған.


Бұқарбаев Арықбай


Бұлқышев Баубек (1916, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Сарлық ауылы – 1944, Украина, Днепропетровск, Софьевск ауданы, Серпухов селосы) – жазушы-публицист. Отан соғысының жауынгері. Шығармаларын қазақ, орыс тілдерінде жазған. Қарсақбайдағы ФЗО мектебін бітірген (1934). Алматы сауда-қаржы техникумында оқи жүріп, 1938 жылдың 1 қазанынан Қазақстан жазушылар одағы жанындағы жас жазушылар мен ақындар курсында оқыған. Көптеген өлең, «Балалық шақ» поэмасын, «Ауылдан Алматыға» атты әңгімесін жазды. 1939 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, кейін «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі болған. Бұлардан соң Қазақ мемлекеттік баспасында іс басқарушы, «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі. 1940 жылдың наурызынан Кеңес әскері қатарына шақырылып, Мәскеу әскери училищесінде оқиды. Ержүрек жауынгер Мәскеуді қорғау, Украинаны азат ету шайқастарының бел ортасында болды. 1944 жылдың бас кезінде майданда қаһармандықпен қаза тапты. Жезқазғанда, Жездіде, Ұлытау кентінде Бұлқышев атындағы көшелер бар. Сәтбаев қаласында орталықтандырылған кітапханаға жауынгер-публицистің есімі берілген. Ұлытау кентінде елімізде аты мәшһүр сұңғат өнерінің шебері Төлеген Досмағанбетов сомдаған Бәубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың ескерткіші көз тартып асқақ тұр.


Бұлқышев Баубек


Бүркітбаев Әшір (17.12.1906, Жетісу облысы, Сарысу уезі, Әшір Бүркітбай ауылы – 28.02.1938, Алматы қаласы) Ташкент балалар үйінде тәрбиеленген. Еңбек жолын Қарсақбай мыс қорыту заводында токарь (1925—1927) болып бастаған. 1927 жылғы қараша айынан бастап Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1929—1932 жылдары бірінші хатшысы, 1933 жылы Риддер қалалық партком бірінші хатшысы. 1934 жылы Орал-Қазақстан өнеркәсіп академиясын бітірген. Қазақстандағы алғашқы техникалық жоғарғы оқу орыны Қазақ кен– металлургия институтын (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) ұйымдастыру жұмыстарын басқарды және оның тұңғыш директоры (1934—1937) болды. Бүркітбаев 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілді. 1958 жылы 25 наурызда толық ақталды.


Бізге мыс кені, тағы мыс кені керек. Осы тақырыппен Қарсақбай металлургтері 1941 жылы 18 қарашада Жезқазған кеншілеріне ашық хат жолдады. Онда былай деп жазылған:


Анарқұлов


Айтмұқанов


Байкенеев


Сафин


«Кенші жолдастар! Отан жауына жасын болып жауған мысты бүгінгіден де артық шығару керек болып отыр. Біздің ардақты борышымыз – соғыс кезіндегі стахановшылар қатарының ең алдында болу. Біз əрбір ауысымда, əрбір күнде, əрбір жұмыс орнында жоспарды мүлтіксіз орындау жөнінде аса жауапты міндеттеме қабылдадық. Бұл үшін бізде не керектің бар. Біздің зауыт Сіздердің беріп жатқан мыс кендерінен 1,5—2 есе артык шикізатты өңдеүге мүмкіндігі бар.

Біз Сіздерден өз мүмкіндіктеріңізді қайта салмақтап, котеріңкі міндеттеме қабылдауларыңызды талап етеміз. Сіздердің кендеріңіз жетпей жатқанын ашық мəлімдейміз. Қазірдің өзінде Сіздер бізді ашқұрақта ұстап отырсыңдар. Əрбір сағат қымбат. Бізге мыс кені, мыс кені жəне мыс кені керек. Егер кентас шығаруды арттыру ушін күш біріктіріп, шұғыл жəне жан-жақты шаралар қолданбасақ, ертең мұның өзі кеш болғалы тұр. Біздің жəне Балқаштың зауыты шегіншекпен терең артта қалады. Бұған жол беру аса дөрекі қателік қана емес, ол мемлекет алдындағы ауыр қылмыс болар еді. Мыс өндіруді көбейту үшін күн сайын əрбір ауысымда, əрбір жұмыс орынында пəрменді жарыс, шын мəнісінде еңбек бəсекесін ұйымдастырайық».

Жезқазғандықтар Отан алдындағы борышын терең сезініп, түсінді. Ішкі мүмкіндіктерді іздеді, өндірісті ұйымдастырудың тиімді жолдарын қолданды, қолдағы техникалардың қуатын толық пайдалануға қөңіл болді.

Жезқазған шикізатпен Балқаштың, Қарсақбайдың мыс зауттарын толық қамтамасыз етті. Ондығы əлжуаз байыту фабрикаларының жеткізілген мыс кенін толық өңдеуге шамалары жетпеді. Сондықтан да балқыту кешенінің жемсауына іріктеп өндірілген, металы аса көп бай көктастар қажетінше құйылып тұрды. Оның сыртында Оралдағы мыс қорытатын кəсіпорындар осы өңірдің кеніне тəуелді еді.

Шұғыл турде ескі шахталар №№1, 7, 13, 26, 34 қайта қалпына келтірілді, жаңадан №№31—32, «Петро», «Петроцентр» шахталары, екі карьер пайдалануға берілді. Шахталарга кең табанды шойын жолдар тартылып, Балқашқа, Орал зауыттарына кен тікелей шахта бункерлерінен, отвалдардан тиеліп, жедел жөнелтіліп жатты. Жезқазған кеншілері 1941 жылдың екінші жартысында тәулікте беретін кенді бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 128 пайызга тотыққан мыс кенін жіберу жөніндегі тапсырманы 250 пайызга асыра орындады.

Жезқазган кеніші 1941 жылы тамызда Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болды. Әрине, бұл жеңіске әріптес кәсіпорындардың бір ырғакты, үйлесімді жұмысы мен кеншілердің жоғары қарқынды еңбегі арқылы қол жетті. Міне, жеке мысалдар. Откатчик Зияда Ысқақов қыркүйек айында нормасын 158,5 пайыз бұрғышы Арыстанбек Ақшалов 173,6 пайыз, бұргышы Базылбек Байкенеев 152 пайыз орындады.

Балқашта өткен республикалық ақындар айтысында Болман Қожабаев Жезқазған кеншілерінің жетістіктерін мақтан етіп, жырға косыпты:

…Жанарың, ақын аға, жетпес шолып,

Бергенім жеңіс үшін жатыр толып,

Өндірген жоспардан тыс рудаммен,

Түп-түгел қаруланады сексен полк,

Қияның қол жетпістей қиясымен,

Дәп бүгін мақтануға сиямын мен,

Тындырған таңырқалық алып ерліқ,

Өйткені, рекордтар ұясымен,

Атағы Алатаудай аскар әлі,

Жетерлік мын-сан жауды жасқарға әлі,

Атқарған қырық адамның қызметін,

Алып жоқ Балмұқанның асқан елі.

Бұрғышы кім білмейді Әйгеловты,

Самғаса, сан жарыста бәйгі ілікті.

Бітірген айлық істі бір тәулікте,

Өнері ерлігіне сай келіпті.

Кімің бар пар келетін Ақшаловқа,

Ерлікпен даңқы шыққан шартарапқа.

Нормасын жиырма адамның жабар еді,

Бір күнгі еңбегінен енші алып та.

Оларға көпшіліктің ұйғарымымен «тыл гвардияшылары» құрметтті атағы берілді. Солардың бірі Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты, №12 шахтанын бұрғышысы Ахметқали Сафин 1942 жылы 21 ақпанда бұрын көз көріп, құлақ естімеген рекорд жасады. Ол жалғыз перфоратормен 1400 тонна мыс кенін құлатып, ауысымдық нормасын 3800 пайыз орындары. Ол сол күнгі 1200 сом табысын толықтай қорғаныс қорына аударды.

Осы жылдың тамыз айында Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болған Жезқазған кеншілеріне КСРО Түсті металлургия халық комиссары П.Ф.Ломако мынадай телеграмма ұрды: «Бүкілодақтық Орталық кәсіподақтар кеңесі мен Түсті металлургия халық комиссариаты тамыздағы социалистік жарыстың қорытындысы бойынша кеніш ұжымына үшінші дәрежелі сыйлық беруге ұйғарды. Сіздің ұжымның тау-кен дайындық жұмыстарында артта қалушылықты жеңіп, кеңіштер арасында бірінші орын алуға барлық мүмкіндіктеріңіз бар. Озат шахтерлер К. Әйгелов, Ы. Анарқұловтың және басқалардың тәжірибесін өндіріске кеңінен енгізіңіздер, Отанымызды қорғау ісіне қажетті кенді өндіруді еселеу үшін әрбір минутты, әрбір сағатты ұтымды пайдаланыңыздар».

Қарағанды обллыстық партия комитетінің бюросы 1943 жылы 1 маусымда «Бұрғышы Аймаханов жолдастың жұмыс әдістерін тарату туралы» қаулы қабылдады. Онда бүкіл кеңес халқы сияқты 1 мамыр мерекесіне байланысты И. Сталлиннің бұйрығымен жігерленген №15 шахтаның бұрғышысы Б. Аймаханов 1943 жылы 23 мамырда 1477 тонна мыс кенін өндіріп, нормасын 4000 пайыз орындағаны атап көрсетілген. Ол айлық жоспарды небәрі 8 жұмыс күнінде 228 пайыз асыра іске асырып, қызыл әскердің бас колбасшысының қорына 12930 тонна мыс кенін қосты.

Майдандық вахтаға тұрған Ысқақ Анарқұлов, Оразбек Дүйсембаев және И. Васин басқаратын шахталар рекордты көрсеткіштерге жетті. Бұрғышылар Балмақан Аймахановтың жауынгерлік екенші дәрежелі «Отан соғысы», Ысқақ Анарқұловтың «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталуы көп нәрсені аңғартады.

Жезқазғанда кен өндіру 1940 жылмен салыстырғанда 1942 жылы 4 есе, 1943 жылы 5 есе көбейді. Жезқазған кеншілері Ұлы Отан соғысы жылдары 16 рет Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. 1945 жылы 3 шілдеде бұл ту ұжымда мәңгілік сақтауға қалдырылды

Дерек көздері: «Қызыл кенші» газеті, 1941 жыл 18 қараша, ЖҚММ, қор 381, т.1, іс-40, 126 бет, «За медь» газеті, 1946 жыл 3 шілде.

С. Қожамсейітов.


Ванюков Владимир Андреевич (17.06.1880, Ресей, Пермь губерниясы, Галицкое селосы – 31.05.1957) – ғылым және техникада еңбегі сіңген қайраткер, ғалым – металлург, профессор. Пермь осалды училищесін бітірген. 1900 жылы Томск технологиялық институтының (ТТИ) химия бөліміне түсті. Бөлімге 1900 жылы түскен 58 студенттің ішінен 1906 жылы жалғыз Ванюков инженер – химиктің дипломын алып шықты.


Ванюков Владимир


1909 жылға дейін Ванюков ТТИ металлургия кафедрасының аспиранты. 1910 жылы күзде институт кеңесінің қаулысымен Ванюков екі жылға шетелге іссапарға жіберілді. Бірінші жылы ол Аахенде профессор В. Борхаста жұмыс істеді, ал 1911 жылы жазда Германияның мыс, қорғасын және мырыш зауыттарында тәжірибе жинақтады. Кейін Америкада Бостон технологиялық институтында профессорлар Г. Гофман мен Р. Ричардтың қарамағында жұмыс жасады. 1911 жылы жазда АҚШ-тың мыс, никель, қорғасын және мырыш зауыттарында, байыту және алтын айыру фабрикаларында оқу-тәжірибелік жұмыстарда болды. Осы уақытта Ванюков жүргізген жұмыстардың нәтижесінде жаңа қыздыру (термикалық) сараптау әдісі ашылып, әзірленді.

1920 жылдың наурызынан бастап Ванюков өндірісті қалпына келтіру бойынша құрылған Орал – Сібір комиссиясының құрамында жұмыс істеді. 1922 жылғы мамырдан 1926 жылғы 19 ақпанға дейін асыл металдар бойынша ғылыми кеңесші ретінде КСРО Қаржы халық комиссариатының валюталық басқармасымен серіктестік орнатты. Осы мерзімде ол хлормен алтынды тазалау жаңа тәсілдерін әзірлеп, оның қатысуымен қалқымалы – аффинажды лаборатория құрылып, іске қосылды.

Ванюков 1926 жылы Москваның тау—кен академиясының профессоры болып сайланды және түсті металлдар факультетін құруға бастамашы болды. 1930 жылы осы факультеттің негізінде дүние жүзінде ең бірінші Москва түсті металл және алтын Институты құрылды. Ванюков 1930-жылдары Қарсақбайда тұрып, іс үстінде Жезқазған кентасы концентратты қорытудың технологиясын жетілдіру жөнінде ұсыныстар беріп отырды. ІІ дүниежүзілік соғысы жылдары мыс қорыту зауыттарында тотыққан мыс кендері мен концентраттарын қорытудың жаңа әдісін әзірлеп қолданысқа еңгізді. Нәтижесінде, аса бай штейндер мен жоғары кремний шлактары бар мыс кендерін балқыту проблемасын шешті.

Еңбек Қызыл Ту (1939), В.И.Ленин (1950) ордендерімен марапатталған, Сталиндік (Мемлекеттік) сыйлықтың (1946), ғылым және техникада еңбегі сіңген қайраткер (1945) атағының иегері.

Дерек көзі: Профессор Ванюков. Қазақстанның мыс кені мен концентратын балқыту жолы. Металлургиздат. 1947. Москва. 184 бет. М. Сейтжанов.


Волошин Дмитрий Антонович (т.ж.б. – 1938, Қарағанды облысы, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай қалашығы) Спасскі зауытының қолынан өнері тамған токарі, қоғам белсендісі. 1919 жылы Қарағанды көмір ошағы ревкомының төрағасы болып сайланған. 1920 жылы 3 маусымда Сібір халық шаруасы кеңесінің Сібір тау-кен кеңесі Спасскі комбинатының басқарма төрағасы етіп сайлаған. 1926 жылы «Атбастүстімет» тресінің қарауына берілген Спасскі зауытының жұмысы тоқтатылып, консервацияға қойылды. Сол жылы жазда үйреншікті кәсібіне қайта оралғысы келген Спаскінің жұмысшылары үлкен көш-керуенмен Қарсақбайға келді. Күзге дейін алты пәтерлік алты шағын үй салып алды. Қалашықтағы шағын оралым ХХ ғасырдың 30—40 жылдары Спасскі көшесі деп аталатын.

Д. Волошин механикалық цехтың бастығы болып тағайындалды. Бұл цех жаңа құрылыстың аса маңызды телімі болды. Зауытта шетел машиналарының механизмдері және құрал-жабдықтарына қажет бөлшектер табылмайтын. Қосалқы бөлшектерді жасау, технологиялық агрегаттарды жөндеу «Волошин цехының» басты үлесі болды. 1930 жылы шілдеде зауытта болған «Советстепь» газетінің тілшісі Алдан Семенов мақаласында Дмитрий Волошинді, Өсербай Үдербаевты, Тихон Қазазаевты өндірістік майданның батырлары деп жазды. Цех тұңғыш рет Марси диірменінің үлкен шестерналарын қалыпқа келтіруді игерді, болттарды пресстеп шығарды, қажетке қарай құрамы әртүрлі металдан құймалар жасады. Цехта 5—6 жылда 50 астам қазақ жігіттері металл өндеуші мамандығын алды, еңбектің озық әдістеріне көзі қанық меңгерді. Д.А.Волошинді 1938 жылы 21 ақпанда цехтын ішінде «халық жауы» деген жалған жаламен тұтқындап, үйіне айдап әкелді. ІІХК-ының тергеушілері үйдегі барлық бағалы заттарды, неке жүзіктерін, сырғаларды, тіпті бүкілодақтық староста М.И.Калинин сыйлаған алтын шынжыр баулы қалта сағатты алып кетті. Осы жолы Д.А.Волошинмен бірге Спасскілік сегіз жұмысшы үштіктің шешімімен кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық және зиянкестік бүлдіру әрекеті үшін деген жалған айыппен Қарсақбайда атылды. Сталин өлгеннен кейін атылғандардың бәрі ақталды.

С. Қожамсеиітов.


Гетман Емельян Дмитриевич – Қарсақбай мыс қорыту зауытында конвертордың обер-шебері. Қарсақбайлықтардың көз алдында мыс пісіру технологиясының алдына жан түспеге шебер болып шықты. Ауылдан келген орыс баласы Қарсақбай комбинатына қара жұмыскер болып қабылданған. 1929—1930 жылдары дабыл қағушы, 1930—1932 жылдары әуелі кіші, бір жылдан кейін аға фурмовшы болып істейді. Содан конвертор шебері, обер-шебері, металлургиялық цех бастығының орынбасары, бастығы болып көтеріле берді. Гетман бастамасымен металлургтер бір тоқсанда шапшаң балқыма алу санын 120-дан 160-қа жеткізді. 10 жыл ішінде шарпу пешін сапалы жөндеуді ұйымдастырғаны, екпінді еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болған, грамоталар алған, костюм киген, велосипед мінген.


Гетман Емельян


С. Қожамсеиітов.


Гурба Виктор Васильевич (1914, Украина, Сумы облысы, Глухов қаласы -1981, Жезқазған облысы, Жезқазған қаласы) – 1936 жылы Екатеринбург тау-кен институтын бітірген тау-кен инженері. Өмірінің 40 жылы Жезқазған – Ұлытау өңірімен, Жезқазған кен-металлургия комбинатымен байланысты. 1952 жылы сәуірде Жезқазған мыс комбинатының бас инженері, 1953 жылы қарашада Жезқазған тау-кен басқармасының директоры болып тағайындалды. 1958 жылдың шілдесінен өмірінің соңына дейін Қ.И.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының директоры болып істеген. Қарсақбай мыс зауытының, қарсақбайлықтың мәселелеріне аса мұқият қарады. Қарсақбай байыту фабрикасы, орталық электр станция жабылғанда әрбір жұмысшының, әрбір инженер-техниктің жұмыспен қамтамасыз етілуіне, жаңа қоныста үйлі-жайлы болуына ерекше маңыз берді. Жезқазғанда жаңа мыс қорыту зауыты іске қосылғанда кейбір басшылардың қарсақбайлық металлургтердің білімі мен біліктілігіне күманмен қарағанда, ол туынды мәселені мемлекеттік тұрғыдан әділ шешті, қарсақбайлықтар түгелдей жұмысқа қабылданды. Бұрыңғы облыс орталығының 6-шы мөлтек ауданында металлургтер көшесі пайда болды. Гурба 1960 жылдан үзбей Қазақ КП ОК құрамына сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің (1965), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің (1955) депутаты, КОКП XXV съезіне делегат болып сайланды. Екі мәрте Ленин орденімен (1961, 1966), 5 медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген кенші. Техника ғылымдарының кандидаты. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Гурба атында Жезқазған, Сәтбаев қалаларында көшелер бар.


Гурба Виктор


Гулин Виталий Степанович (25.04.1892, Уфа губерниясы, Сатка қаласы – 26.08.1965, сонда) – 1935 жылғы мамырдан 1939 жылға дейн Қарсақбай мыс комбинатының директоры. 1906 жылы екі сыныптық училищесін бітірген соң, Саткинск шойын қорыту зауытында тазалаушы болып жұмысқа тұрған. 1908 жылдан бастап қазіргі «Магнезит» комбинатында электр жөңдеуші болды. 1914 жылы әскер қатарына алынып, майданға аттанды. 1917 жылы күзде фельдфебель әскери атағымен Сатқаға қайтып оралып, революциялық іс-шараларға араласып, эсерлер партиясынан қалалық жұмысшылар мен жауынгерлік депутаттар Кеңесіне сайланды. 1918 жылы ақпанда зауытты национализациялауға қатысып, АҚ басқармасының құрамына кірді.


Гулин Виталий


1920 жылы наурызда Сатка шойын қорыту зауытының басқарма төрағасы болды. 1926 жылға дейін Надежинскіде Богословск тау-кен зауыттық комбинатында басқарма төрағасының қызметін атқарды. 1923 жылы 9-шы Бүкілресейлік Кеңес съезінің делегаты болып сайланып, кейін «Госпромцветмет» тресінің басқарма төрағасының орынбасары болды. 1928 жылдың қаңтарынан Бастүстіметтің басшысы, КСРО халық шаруашылығы бүкілодақтық кеңесінің төралқа мүшесі. 1930 жылы шетел іссапарларында болып, Германия мен АҚШ-тың түсті металл өнеркәсібінің даму тәжірибесімен танысты.

1934 жылдың наурызынан Жоғары академиялық өнеркәсіп курстарының тындаушысы. 1935 жылы мамырда инженер-металлург дипломын алғаннан кейін Қазақстанға Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатына директор болып тағайындалды. 1938 жылы репрессияға ұшырады. Гулин 1939 жылы 11 қаңтарда Қарсақбайда тұтқындалды. 1939 жылы 29 шілдеде КСРО Жоғары соттың әскери коллегиясының шешімімен РКФСР ҚК 58—8 бабымен 15 жылға түзету-еңбек лагеріне айдалды. 1957 жылы қарашаға дейін Магадан облысының түрмелері мен лагерлерінде отырып, ақталып шығып, өз туған жеріне оралды.


Далабаев Шенеу (1892, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы «Тайкеткен» ауылы – 1974, Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау ауылы) ағылшындар тұсында Қарсақбай мыс зауыты құрылысында бетон құюшы, теміржол цехында жөндеуші болып істеген. 1926—1938 жылдары Қарсақбай болаткомы төрағасының орынбасары, комбинаттың мал көлігі артелінің бастығы, ауатком төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. Одақтық маңызы бар комбинаттың құрылысына жұмысшыларды, материалдарды, құрал-жабдықтары Жосалыдан, Атбасардан, Спасскіден жеткізу үшін жұмысқа жүздеген кірешілер тартылған, 1500 бірішке (жүк арбасы), шаруалардан 3 мыңнан астам түйе жалданған. Сөйтіп, Далабаев басқарған кезде жылына ағылшындарға қарағанда жүк тасымалдау көлемін екі есе арттыру мүмкін болған. «Атбасартүстімет» тресінің басқарма мүшесі геолог Қ. Сәтбаев тұңғыш рет Қарсақбайға Далабаевтың көлігімен келген. Аудандық «Қызыл кенші» газетінің редакторы болашақ қазақтың белгілі ақыны Ә. Тәжібаев Кеңгір бойындағы ұжымшар төрағасы Далабаев «Мені Абайға жақындатып, оны сүйіп оқуға себепкер болды» деп жазды. Қ. Сәтбаев, И.В.Деев сияқты ірі тұлғалармен аралас-құралас, жолдас болған. Ұлытау ауданы ұйымдастырылғанда туған жеріне оралып, ұжымшар төрағасы, ферма басқарушы, бригадир болып еңбек етіп, аудан мал шаруашылығын дамытуға еңбек сіңірді.


Далабаев Шенеу


Ө. Мұқанов.


«Даладағы дабыл» – құжаттарға негізделген көсемсөз романы «Жазушы» баспасынан үш мәрте жарық көрген. Кітаптың авторы – академик Мұхамбетжан Қаратаев. Тарихи деректерді негізгі конструкция бөлігі етіп алған шығармада Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі баяндалады. 1913 жылы Москвадан Байқоңырға жер аударылып келген И.В.Деевтің көргендері мен басынан кешкендері кітаптың арқауы етіп алынып, қазақ жерінде А. Иманов бастаған ұлт-азаттық қозғалысының белсенді тұлғаларының іс-әрекеті баяндалады. Кітаптың «Самородок», «Халық көзімен», «Будақтайды түтіні Қарсақбайдың», «Болашаққа саяхат» тарауларының өзі әңгіме Үлкен Жезқазғанның қалыптасу және даму кезеңдері жайлы екенін баяндайды, «Даладағы дабылдың» 1981 жылғы соңғы басылымының көлемі 25 б.т.


Дәулетбаев Қайырбек (т.ө.ж.б.) – тұңғыш сайланған Қарсақбай аудандық К (б) П комитетінің бірінші хатшысы. Арнаулы техникалық білімі болмаса да Атбасар уездік пен Ақмола губерниялық партия комитеттерінде біраз жыл істеп, тәлім-тәрбие алған, ысылған, ұйымдастырушылық қабілеті мол, жігерлі жас жігіт болатын. Дәулетбаев бастаған аудандық партия комитетінің құрамы Қарсақбай комбинаты құрылысын бітіру жолындағы ең өзекті мәселелердің төңірегіне аудан партия ұйымы мен комбинат басшыларының назарын үнемі аударып отырды. Сол кездегі бұл саладағы ең қиын мәселе, бұрынғыша, өндіріс құрал-жабдықтары мен жұмысшыларға азық-түлік мәселесі еді. 1926—1927 жылдардың елді жұтқа ұрындырған, боранды-аязды ауыр қысы бұл жұмыста одан әрі қиындата түсті. Аудандық партия комитеті құрылған 1926—1927 жылдардың қысы ерте түсіп, даланы қалын қар басып, одан әрі жаңбыр жауып, көктайғақ болып, Атбасармен екі арадағы жол қатынасы үзілді. Осының қырсығынан комбинат бірнеше ай бойы Атбасардан азық-түлік ала алмады. Мұның өзі комбинат құрылысына кідіріс жасау хаупін туғызды. Бірақ осындай аса бір ауыр қиындықтарға қарамастан комбинат құрылысы бір күнде, бір сағатта тоқтаған жоқ. Барлық коммунистер мен аудан активтері, комбинат басшылары үнемі құрылысшылар арасында болып, қолдан келген мүмкіндікті жасай отырып, қыс қиыншыларын жұмысшылармен бірге жүріп атқарысты.

Ә. Әміралин. Арқада туған алып. Қарағанды, «АРКО» ЖШС. 2011 ж.


Дәуітбаев Батырбек (т.ө.ж.б.) – Қарсақбай мыс қорыту зауытында қазақтар арасынан шыққан тұңғыш аға горновой. Бүкіл өмірі ауыр бейнет пен күрес үстінде өткен өз заманының жайсаң жігіттерінің бірі. Атбасар қаласының түбіндегі Лепин қалашығындағы Илья Фаутов деген көпестің тері зауытында бұғанасы қатпаған бала кезінен жұмыс істеген. Орысша сауат ашып, орыс тілін бір кісідей меңгерген.


Дәуітбаев Батырбек


Дәуітбаев 1925 жылы туған жері Қарсақбайға оралады, зауыт құрылысында тың жігермен беріле жұмыс істейді. Жас жігіт металлургия цехында қара жұмыскер болып, шетелден жеткізілген құрал-саймандардың, технологиялық агрегаттардың тілі ағылшын тілін үйренді. Қарсақбай аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. Қарақұм және Созақ ауданы төңірегіндегі байлар мен «кулактардың» көтерілісін басуда тапқырлық пен өжеттік көрсеткені үшін оған өз аты жазылған тапаншаны сыйлыққа тартты. Дәуітбаев өз еркімен ІІ дүниежүзілік соғысына қатысты. 1944 жылдың аяқ шенінде ауыр жараланып, елге қайтап келді, бірақ сол ауыр жарадан қайтыс болды.

Әбілқасен Әмірәлин. Арқада туған алып. Қарағанды, «АРКО», 2011.


Дәуітов Баттал Тәжбенұлы (7.02.1914, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы, Малшыбай ауылы – 1967, Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) – ұстаз. Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын 1957 жылы бітірген. Тарих пәнінің мұғалімі. 1932—1935 жылдары Қарсақбайдағы мектеп-интернатта саяси тәрбиеші, мұғалім. 1935—1950 жылдары Жамбыл атындағы №1 қазақ орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 1950 жылдан өмірінің соңына дейін 17 жыл осы мектептің директоры болды. Кәсіби ұстаз басқарған жылдары мектептің оқу-материалдық базасы кеңейтіліп, жаңадан спорт залы, өндірістік оқу шеберханалары салынды, оқу-тәрбие жұмысының теориялық-әдістемелік деңгейі жоғары дәрежеге көтерілді. Дәуітов терең білімі, өнегелі өмірі артына рухани мұра ретінде қалып, оны ұрпақтары мен шәкірттері жалғастыруда. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымымен халыққа білім беру саласында сіңірген еңбегі үшін 1964 жылы 25 сәуірде Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі атағы берілді. «1941—1945 Отан соғысы жылдары тылдағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Ерлік еңбегі үшін» (1949), «Тың игергені үшін» (1957) медальдарымен марапатталған. ҚазКСР халық ағарту ісінің үздік қызметкері (1968).

Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 | Следующая

Правообладателям!

Представленный фрагмент книги размещен по согласованию с распространителем легального контента ООО "ЛитРес" (не более 20% исходного текста). Если вы считаете, что размещение материала нарушает ваши или чьи-либо права, то сообщите нам об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?


Топ книг за месяц
Разделы







Книги по году издания