Книги по бизнесу и учебники по экономике. 8 000 книг, 4 000 авторов

» » Читать книгу по бизнесу Қарсақбай және қарсақбайлықтар Мұхтар Сейтжанов : онлайн чтение - страница 5

Қарсақбай және қарсақбайлықтар

Правообладателям!

Представленный фрагмент книги размещен по согласованию с распространителем легального контента ООО "ЛитРес" (не более 20% исходного текста). Если вы считаете, что размещение материала нарушает ваши или чьи-либо права, то сообщите нам об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?

  • Текст добавлен: 13 марта 2021, 13:38

Текст бизнес-книги "Қарсақбай және қарсақбайлықтар"


Автор книги: Мұхтар Сейтжанов


Раздел: Биографии и Мемуары, Публицистика


Возрастные ограничения: +12

Текущая страница: 5 (всего у книги 6 страниц)


Жанбосынов Жүсіп – Қарсақбай зауытын ұлттандыруға қатысқан жергілікті коммунистік топ мүшесі. Ұшы-қиыры жоқ меңіреу далада қаңтардың қақаған үскірігі мен аласапыран дүлей боранына кезіккен фельдшер Деев пен оның жолбасшысы Жұмабай қанды ауыз аш бөрілердің қамауында қалады, бір түйесінен айырылып, ажал тұзағынан әрең дегенде құтылады. Деевті ажал аузынан, дала қорқауларының қанды шеңгелінен құтқарып қалушы қарапайым қазақ жігіті Жанбосынов болатын. Ұяла езу тартып, сенімді шыраймен сәлемдескен қазақтың қолын қатты қысып тұрып Деев оның жүзінен ізет – бауырластықтың, кіршіксіз достықтың нышанын таниды. Жүсіптің лашық үйіне келген Деевті ауылдың меймандос кәрі-жасы таза көңіл, жылы шыраймен қарсы алады. Сөйтіп, орыс пролетариатының өкілі Иван Васильевич пен қазақ еңбекшілерінің достасуы дәл осылай басталады.

Деевтің Қарсақпайдағы ағылшын концессионер қоғамында қызмет істейтін большевик Прохор Иванович Холмецкиймен танысуы оның біріншіден революциялық қызметін әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік берсе, екіншіден Қарсақпай, Байқоңыр кеніндегі астыртын ұйымның негізін қалауға, сондай-ақ оған қазақ шахетрлері Жүсіп Жанбосынов, Нұрмағамбет Саусақов, Қапланбек Бәтешев секілді кешегі жалшы жігіттерді тартуға толық жағдай жасайды.

Осыдан былай қарай Жанбосыновтың бүкіл өмірі мен күрес жолы жаңа бағыт алады.


Жанғалин Мүктар Омарұлы (1910, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, №2 ауыл – ө.ж.б.) 1923 жылға дейін анасының қолында болған. Әкесі Омар Жанғалин Ташкентте мұғалімдер семинариясын бітірген. Қазан төңкерісінен кейін Перовскі (қазір Қызылорда) қаласында панасыз балалар оқитын мектеп-интернаттың меңгерушісі болған. Күзектен 1921 жылы қайтыс болған. Сол уақытта мұғалім отбасы ретінде шешесі мен балаларына мемлекеттік пенсия тағайындалған.

Жаңғалин 1932 жылы қаңтарда Қазақ педагогикалық институтының тарихи-экономикалық факультетін бітірген. Мемлекеттік тапсырыс бойынша Қарсақбай жұмысшы қалашығына келеді. Фабрика-зауыт мектебінің директоры болып тағайындалады. Сонымен қатар кен-металлургия техникумы директорының міндетін қоса атқарады. 1935 жылы мамырда Қарсақбай мемлекеттік мыс балқыту комбинаты директорының көмекшілігі қызметіне жоғарлады.

1935 жылғы тамыздан қазақ өлкелік партия комитеті насихат бөлімінің қарауында болды. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін Маркс. Энгельс. Ленин институты қазақ бөлімшесінде қызметкер, Қазмембаспасының, ҚазКСР министрлер кеңесі жанындағы архивтер басқармасының директоры. ҚазКСР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі.


Жанділдинов Мәжит Мырзамсейітұлы (1947—2010) – Қарсақбайдың генерал-майоры. Ташкент темір жол транспорты инженерлері институтын (1969), КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы мемлекеттік хауіпсіздік комитетінің Жоғары мектебінің жанындағы шет тілін менгерген басшы кадрларын дайындайтын екі жылдық курсты Москвада тәмамдаған. Институт бітіргеннен кейін Қазақ Темір жолының Семейдегі №2 жол дистанциясында электромеханик болып еңбек етеді. 1972 жылдан мемлекеттік хауіпсіздік органдарында қызметте. 1980—1981 жылдары Ауғанстан Демократиялық Республикасында болып, міндетін атқаруда ерлік, жүректілік, шешімділік, бастамашылдық, айла керліктің үлгілерін көрсеткен. 1987 жылы Мемлекеттік Хауіпсіздік комитетінің облыстардағы басқармаларының бастығының орынбасары, 1992 жылы Жанділдинов ҚР Ұлттық Хауіпсіздік Комитеті Қарағанды облысы басқармасының бастығы. 1997 жылы отставкіге шыққан. Мемлекеттік марапаттары бар.


Жанділдинов Мәжит


Жанділдинов Мырзамсейіт (1914, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Қарсақбай ауылы – 1981, Алматы). Қарсақбай фабрика-зауыт оқуы мектебін бітірген. Қарсақбайда кеніште, темір жолда, «Қызыл кенші» газеті редакциясында, аудандық комсомол органдарында қызмет атқарған. Семей, Гурьев, Жамбыл облысы бойынша КСРО мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті басқармаларында бастық болған, полковник. Ленин, Қызыл жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдермен марапатталған. Семей қаласында оның есімі берілген көше бар.


Жанділдинов Сейіт (1904, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Білеуті ауылы – 1987, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) Қарсақбай мыс қорыту зауытының «Кентас алаңында» 1934 жылы жүк тиеуші, аға жұмысшы болып істеген. 1938 жылы кен алаңына бастық, 1957 жылы кен алаңы кентасты уату-транспорт цехы болып қайта құрылғанда цехтың техникалық жетекшісі, көп ұзамай бастығы болып тағайындалды. Жанділдинов кәсіпорынның бұл буынының бірқалыпты өнімділікпен, сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Зауыт ұжымы арасында үлкен беделге ие болды. Жанділдинов басқаратын цех өндірістік тапсырманы үнемі 135—170% асыра орындап отырды. Социалистік жарыста жоғары өндірістік көрсеткіштерге жеткені үшін үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен (1940,1946,1958) марапатталған. Еңбек Қызыл Ту орденінің (1953), «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Ерлік еңбегі үшін» (1949) медальдарының иегері.


Жанділдинов Сейіт


Жанпейісов Қозыкен (1908, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы – ө.ж.б.) – құрметті металлург. 1929 жылы Қарсақбай мыс комбинатына қара жұмыскер болып жұмысқа орналасқан. 1930 жылы металлургиялық цехқа жұмысқа шақырылды. Бесаспап металлург болды, кіші фурмашы, конверторшының көмекшісі, аға горновой, аға балқытушы, аға конверторшы. Еңбек кітапшасында тек бір цехта жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққаны көрсетілген. Оның сапалы өнімі, қажырлы еңбегі, ерекше жұмыс қабілеті металлургтер аузында аңыз болып қалды. Ленин орденімен, медальдермен марапатталған. Сәтбаев қаласында атақты металлург атындағы көше бар. 2008 жылы Қ. Жанпейісовтың туғанына 100 жыл толған атаулы күнді жұртшылық салтанатпен атап өтті.


Жанпейісов Қозыкен


Жәкеева Сақып (05.11.1941, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай кенті) еңбек жолын 1960 жылы Қарсақбай мыс зауытының телефон станциясында телефонистка болып бастады. 1974 жылдан бастап байланыс машина қондырғыларын жөндеуші. 1986 жылы Жезді байланыс торабына электрмеханик болып жұмысқа қабылданды. Сол жылдары халық депутаттар Жезді аудандық Кеңесіне депутат болып сайланды. 1994 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жезқазғантүстімет» АҚ-нда еңбек етті. Еңбек кітапшасы еңбекте жеткен көрсеткіштері үшін берілген алғыстарға толы. Қ. Сәтбаев атындағы тау-кен комбинатының, Қарсақбай зауытының, «Жезқазғантүстімет» АҚ-ның басшылықтары Жакееваның еңбегін жоғары бағалап бірнеше грамоталар және алғыс хаттармен марапаттаған.


Жәкеева Сақып


Жезқазған кен-металлургия комбинаты – одақтық маңызы бар түсті металлургияның ірі кәсіпорыны. Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинаты Жезқазған мыс кен орнын игере бастады. Әуелде жаңадан іске қосылған мыс қорытатын зауытты мыс кентасымен қамтамасыз ету мақсат болса, Қ. Сәтбаев бастаған геологтардың Жезқазғанда Одақта теңдесі орасан мыс кені қорын ашуына байланысты Үлкен Жезқазғанның комбинатының құрылысын бастау күн тәртібіне қойылды. 1936 жылы құрылыс басталғанымен оның қарқыны мен көлемі өте мардымсыз болды. Тек 1938 жылы №31 және көмекші №32, қуаты одан күштірек «Покро-центр», «Петро-центр» шахталарының проходкасы құрылысы қарқын алып, 1940 жылы алғашқы өнімді берді. Уақытша Кеңгір плотинасы салынды. 1940 жылы Кеңес Үкіметі Үлкен Жезқазған құрылысын КСРО Ішкі істер министрлігінің ГУЛАГ-ына тапсырды.


Жезқазған мыс қорыту зауыты


Үлкен Жезқазғандағы орасан құрылыс және өндіріс істерін басқару, үйлестіру және өнім өндіру жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді түрлері іздестірілді. 1958 жылы 16 шілдеде Қарағанды экономикалық әкімшілік ауданының халық шаруашылығы кеңесі Жезқазған кен-металлургия комбинатын құру туралы Жарлық шығарды. Комбинат құрамына Жезқазған кен басқармасы, Жезқазған мыс зауыты мен байыту фабрика, Қарсақбай мыс балқыту зауыты енгізілді. Бұл басшылықты орталықтандыруға, оны жедел және икемді жүргізуге мүмкіндік берді.

1992 жылы Жезқазған комбинаты «Жезқазғантүстіметалл» ғылыми-өндірістік бірлестігі болып қайта құрылды. Комбинат 1986—1991 жылдары товарлы өнімді жоспарға қарағанда 11% көп өндірді. Таза пайда 967 млн рубль, немесе белгіленген межеден 160 млн рубль асып түсті. Жоғары сапалы катод мысы, алтын, күміс, селен, теллур, товарлы қорғасын, тозаңдағы қорғасын, цинк, кадмий, висмут, перренат аммонийіндегі рений, концентраттағы осьмий, күкірт қышқылы шығарылды. Кеншілер бір жұмысшыға шаққанда орта есеппен бір ауысымда 6,72 текше метр кенді жер бетіне көтерді немесе бұл одақтық көрсеткіштен 2,3 есе көп болатын. 1974 жылы 19 қарашада зауыттың қара мыс өндірісінің екінші кезегі іске қосылды. Сөйтіп, осы күні кен өндіруден металл қорытуға дейінгі толық циклді қамтитын Үлкен Жезқазған комбинатының құрылысы аяқталды. Жезқазған кен-металлургия комбинатының 9 өндіріс озатына Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді. Олардың ішінде комбинаттың директоры Виктор Васильевич Гурба, Жезқазған кен басқармасының көп жыл тізгінін ұстаған Мұқит Құлжанұлы Бөпежанов, кеніште шахта салушылар мектебін қалыптастырған, ел таныған үлкен тау-кен ұйымдастырушы Ғазиз Омаров, екпінді еңбегімен ерекше көзге түскен Ұлытаудың ұландары Әубәкір Құсайынов, Қазымхан Кентаев бар. 1966 жылы өндірістегі табыстары үшін Жезқазған кен-металлургия комбинаты Ленин орденімен марапатталды.

Сағындық Қожамсейітов.


Жезқазған қаласының негізі 1936 жылы қаланған. 1939 жылы қалада 3207 адам тұрды. 1941 жылы 23 мамырда Үлкен Жезқазған елді мекені жұмысшы қалашығы қатарына жатқызылды. 1954 жылы 20 желтоқсанда қала мәртебесіне ие болды, 1973—1997 жылдары аттас облыстың әкімшілік орталығы, теміржол станциясы. Қала халқының саны 89 мың (2014) адам.


Кетбұқа ғо уанға ескерткіш


«Қазақмыс» корпорациясының «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігі, Жезқазған мыс қорыту зауыты, «Жезқазғансирекметалл» мемлекеттік кәсіпорыны, Қарағанды құю-механикалық зауытының бөлімшесі, т.б. орналасқан. Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, 10 колледж, 14 орта мектеп, С. Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театры, филармония, 2 мұражай, мұрағат, спорт сарайы, стадион, қалалық орталық аурухана, «Самсунг» медицина орталығы, отбасылық амбулаториялар жұмыс істейді. Жезқазғанның даму жоспары 2011 жылы бекітілген. Абылай ханға, Қ. Сәтбаевқа, С. Сейфуллинге, А. Имановқа, Ә. Жанкелдинге және көтерілісші сарбазға, Ұлы Отан соғысына қатысқан жезқазғандықтарға ескерткіштер орнатылған. 2017 жылы күзде Шығысхан дәіріндегі жырау, күйші, ғо уан бабамыз Кетбұқаға сәулетті ескерткіш орнатылды. Жезқазған арқылы Қарағанды – Жезқазған – Жезді, Жезқазған – Бейнеу, Жезқазған – Шұбаркөл – Арқалық теміржолдары өтеді. Сондай-ақ, республикалық маңызға ие әуе және автокөлік жолдары бар.


Жезқазған мыс кен орыны – Ұлытау өңірінде, Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 25 км қашықтықта орналасқан. Кен орнында кейінгі неолит заманынан (б.з.б. 6000 жыл) кен өндіріліп, мыс балқытылған. Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеттерінің тайпалары мыс өндіруді жеке шаруашылыққа айналдырды. Мыйлықұдық, Сорқұдық, Айнакөл, Кресто, т.б. металлургиялық мекендер пайда болды. Олардың ең ірі қалашығы Мыйлықұдық шамамен ХVІІ ғасырға дейін, яғни Ұлы Жібек жолы құлдырағанға дейін жұмыс істеп тұрды. Қазіргі заманғы алғашқы мыс кәсіпшілігін 1847 жылы орыс көпесі Н. Ушаков ашқан. 1904 жылы кен орны ағылшындардың «Атбасар мыс кентасы» акционерлік қоғамына концессияға берілді. Олар 1907 жылдан 1912 жылға дейін бұрғылау жұмыстарын жүргізді. Жалпы тереңдігі 20 мың метрді құрайтын 234 ұнғыма бұрғыланды. 1914 жылы жалпы 335 метр тереңдік 14 шахта жүрілді. («Большой Джезказган». АН СССР. Москва. 1935. Статья Сыромолотова Ф. Ф. «Госплан СССР. Джезказган»). Кен барлау жұмыстары 1925 жылы кең көлемде жүргізіле бастады. Бірінші отандық мыс 1928 жылы Қарсақбай комбинатында балқытылды. Академик Қ. И.Сәтбаевтың 1929 жылы қолға алуымен басталған геологиялық барлау жұмыстарын үздіксіз жүргізген. Жезқазған мыс кенінің геологиялық құрылысы таскөмір, пермь және кайнозой шөгінділерінен құралған. Таскөмір жүйесінің орта және жоғарғы бөлімдерін қамтитын кен қабаттары Тасқұдық, Жезқазған свиталарына жіктеледі. Қалыңдығы 250 – 300 м Тасқұдық свитасы 3 кенді горизонт құрайтын қызыл және сұр түсті 16 қабаттан тұрады. Қалыңдығы 350 – 400 м Жезқазған свитасы 7 кенді горизонт түзейтін қызыл және сұр түсті 36 қабаттан тұрады. Бұл қабаттар литол құрамы бойынша қызыл және сұр түсі аргиллит, алевролит, құмтастан және аз мөлшерде жұмыртас, жентектас, әктас қабаттарынан тұрады. Кен сұр түсті құмтас қабаттарында шоғырланған. Тектоникалық құрылымына шығыс жағын шектейтін меридиан бағыттағы Шыңғыс Ұлытау, оңтүстіктен Теректі терең жарылымдары кіреді. Жезқазған синклиналі аумағында орналасқан кенді алаң Спасск мульдасы, Ақши күмбезі, Златоуст мульдасы, Кресто күмбезі, Анненск мульдасы және Анненск күмбезі атты бірінен бірі флексуралармен бөлінген құрылымдардан тұрады. Жезқазған мыс кені алты геологиялық-өндірістік телімге бөлінген: Ақши – Спасск, Оңтүстік-Батыс Покро, Солтүстік Покро, Златоуст, Кресто және Анненск. Кеннің минералдық құрамы: борнит, халькозин, халькопирит, галенит, бетехтинит, сфалерит, пирит, домейкит, арсенопирит, альгондит. Тереңдігі 10 – 60 м, тотығу белдемінде азурит, малахит, хризоколла, куприт, элит және таза мыс түзіледі. Негізгі кен құрамдас бөліктері: мыс, мырыш, қорғасын, қосымша Au, Ag, Re, Os, Mo, Nі, Co, Cd, Ge, Se, Te, Ga, S, т. б. Кен денелері таспа, линза, кейде күрделі пішінді. Инженерлік-геологиялық жағдайлары бойынша кен алаңдары оңтайлы, орташа, күрделі және өте күрделі түрлерге бөлінеді. Кен өндіру ашық және жер асты әдістерімен жүргізіледі.


Жезқазған – Сексеуіл – Бейнеу трансконтиненттік темір жолы 2014 жылы 22 тамызда жүк таси бастады. Күші кемелденіп мүмкіндігі артқан Азия пен Парсы шығанағы, кәрі құрлық Европа елдері арасында тікелей темір жол байланысы орнатылды. Қытайдан Европаға жүк жіберу және Европадан Қытайға тасу уақыты транзиттік дәліздің қазақстандық телімінде үш есе дерлік кеміді.


Қарсақбай темір жол станциясы


Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл темір жолдары небәрі екі жыл ішінде салынды. Құрылыс кезінде 1200 км темір жол бойына 46 млн. текше метр топырақ, құм төселді. 46 көпір және жолайырықтары қолдан жасалды, 570 су ағатын тұрба орнатылды, 4200 км қуаты ВЛ-110 35 және 10 киловольт электр желісі тартылды. 23 станция, 33 разъездің құрылысы жүріп жатыр, бірқатары 2015 жылдың өзінде іске қосылды.

Жезқазған – Бейнеу темір жолының 300 км бөлігі Ұлытау ауданы арқылы өтеді. Қарсақбай, Байқоңыр, Көктал, Қоскөл станциялары салынды, 8 разъезд іске қосылды. Мұның үстіне барлығы 60 шақырым жол айырықтары, станцияаралық жолдар, бірнеше суағар көпірлер пайдалануға беріледі. Жұмыстың күрделілігін Жезқазған қаласының жанындағы Жезді өзенінің үстінен түскен көпір айтып тұр. Ол тек жаңа темір жол бойында ғана емес, бүкіл Қарағанды облысындағы ең үлкен көпір болып саналады. Оның ұзындағы 144 м, ал биіктігі 27 метр. Сондай-ақ, Ұлытау аймағында Шотыбассай, Қумола көпірлері жаңа үлгідегі техникалық талапқа сай құрылыстар.

Бұл жол толық қуатына шыққанда жылына 21 млн тонна жүк тасылатын болады. Халықаралық жолаушылар поезы жүре бастайды. Жезқазғанда темір жол вокзалы жаңа қалпына келтірілуде. Қаланың іргесінде қуатты өндірістік база және шағын қалашық іске қосылды. Жезқазған – Бейнеу темір жолының Ұлытау телімінде жүздеген адам жұмысқа тартылды. Темір жолдан аудан бюджетіне түсетін қаржы қомақты. 2016 жылы 15 наурызынан бастап Жезқазған-Қызылорда бағытында жолаушылар поезы жүре бастады.


Жеңсікбаев Жүрсін (1934, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Өрнек ауылы – 2009, Қарсақбай кенті) 1951 жылы Қарсақбай металлургиялық цехында еңбек жолын бастаған. Аспалы кран жүргізушісі. 1965 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген металлургі құрметті атағы берілген. Еңбектегі үздік жетістіктері үшін 1975 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, 1978 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.


Жеңсікбаев Жүрсін


Жоғары марапат иелері. Қарсақбайлықтардың ерен еңбегін Отанымыз жоғары бағалады. Ұзақ жылғы өнімді еңбегі, мінсіз қызметі, жаңашылдығы және бастамашылды үшін 17 қарсақбайлық Ленин орденімен, қырықтан астам металлург Еңбек Қызыл Ту оренімен, үш жүздей металлургтер, балқытушылар, энергетиктер, көміршілер «Ерлік еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Тың және тыңайған жерді игергені үшін» медальдерімен марапатталды. Ленин орденімен марапатталғандар ішінде Қарсақбай геологиялық кенсесінің бастығы Қаныш Сәтбаев, аға конверторшылар Қозыкен Жампейісов, Мұзафар Жүсіпов, Мақсұт Жұмабеков, Оразалы Мейрамов, аға балқытушы Тұрсын Смайылов, аспалы кран машинисі Байқас Мәмбетов, Қарсақбай орталық электр станциясының бастығы Василий Шпак, турбина машинисі Мұқыш Есенбаев, аға фурмовшы Мақсұт Жұмабеков, қазандық тазалаушы Арықбай Бұқарбаев, аға классификаторшы Петр Мельников, боровшылар Нұртаза Самұратов, Тайшығара Нұртазаев, автокөлік жүргізуші Көдей Мамақов, орталық электростанциясының цех бастығы Ю. Я. Юмашев т. б. болды.


Мәмбетов Байқас


Юмашев Г.


Жұмабеков Мақсұт


Еңбек Қызыл Ту орденін жарқыратып төсіне таққандар ішінде металлург-екпінділер Жәкен Нұрханов, Василий Безбатько, Рамазан Мұнсызбаев, Әбдірашит Мәселеев, Әбдірахман Шығысов, т.б. бірнеше ондаған металлургтер болды.

Қарсақбайдан Қазақ КСР мен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген металлургтер, қайраткерлер, рационализаторлар шықты.


Жуков Борис Степанович (1913, Украина, Киев қаласы – ө.ж.б.) – электр станцияларының ІІ-рангалы директоры жеке атағы бар. Лохвицкі механикалық техникумын бітірген. 1934—1949 жылдары Кузнецкі жылу-электр орталығының құрылысында, Кузнецкі металлургиялық комбинатында қазандық шебері, конструктор, инженер, қазандықта от жағушы болып істеген. Жуков 1949 жылы білікті маман ретінде Қарсақбай мыс қорыту зауытына жұмысқа жіберілді. Зауыттың орталық электр станциясында қазандық цехының бастығы, станцияның бас инженері, 1957 жылғы 20-қарашадан станцияның бастығы болып тағайындалды. Оның келуімен станцияның техникалық-экономикалық көрсеткіштері жақсарды. «1941—45 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. «Қара металлургиядағы социалистік жарыстың үздігі» төсбелгісінің иегері.


Жұмабаев Ахмет (1905, Жамбыл облысы, Байқадам ауылы – 1978, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) 1930 жылы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. Химия пәнінің мұғалімі. Қарсақбайдағы №1 орта мектепте химия, биология пәнінің оқытушысы. 1969 жылы Қарсақбайда ашылған академик Қ.И.Сәтбаевтың мұражай-үйінің алғашқы меңгерушісі. Қ.И.Сәтбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты Алматы, Томск, Баянауыл, ғалымның туған жері Ақкелін ауылына арнайы сапарлармен барып жинақтаған деректері бүгінде мұражайдың негізгі қорын құрайды. Мұражай-үйі ғимаратының екінші жартысында отбасымен тұрған А. Жұмабаев өмірінің соңына дейін осы мәдениет ошағының меңгерушісі, қор сақтаушысы, күзетшісі, бағбаны, әрі экскурсия жүргізушісі қызметтерін бір өзі атқарды.


Жұмағұлов Сәрсембек (1906, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кішітау ауылы – 1982, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Жезді кенті) – кенші. 1928 жылы Қарсақбай комбинатының Байқоңыр көмір ошағында еңбек ете бастаған. 1937—1942 жылдары бұрғылаушы, 1942—1950 жылдары ауысым бастығы. 1950 жылы аудандық партия комитеті тәжірибелі жұмысшы ретінде Жезді марганец кен басқармасына жібереді. Шахтада бекітуші болып өндіріс астында екінші топтағы мүгедектік алғанша 1954 жылғы қазанға дейін еңбек еткен. Еңбектегі ерлігі және жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Жүсіпов Мүзафар (1906, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы – 1980, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Жезді кенті) – Қарсақбай мыс қорыту зауытының озат металлургі. Қарсақбайға 1925 жылдың жазында келген. Жаңа салынып жатқан тар табанды темір жолдың жерін қазып тегістеп, топырағын үйіп көтерген. Негізгі құрал-сайманы – кетпен мен күрек, қайла, аға тәшке. «Бізбен бірге көптеген орыстар да қоса істеді. Жұмыстың бәрін осылардан көріп біліп істесіп жүрдік. Олар бізден гөрі ықшам, пысық, ыңғайлылық сияқты» – дейді естелігінде. Жүсіпов 1928 жылы 28 тамызда зауыттық металлургия цехына жұмысқа ауысқан. Онда шлак тасушы, тиеуші, шихтовшы, дабылшы, соңынан конверторшы, ауысым шебері, аға ауысым шебері болып істеді. 1938 жылы шала сауаттылар мектебін бітірген. Ташкент политехникалық институтында жеңілдетілген бағдарлама бойынша оқыды. Мысты тез балқытудың шебері атанды. 1941 жылы қазанда шарпу пешінің көмейі күлге толып, тартуы төмендеп, шихта қорытылуы құлдырап кетті. Бірақ пешті тоқтатуға болмайды, мадан тапсырмасы орындалмай қалады. Ал, жұмысы 120—150 градус ыстықта пештің көмейін бітеген қатып қалған күл сынықтарын сүйменмен, ауыр балғамен сындырып алу керек еді. Көмейге сәл су себелеп, сәл ыстық басылғанда бірінші болып ауысым шебері Мұзафар Жүсіпов, конверторшы Қаржан Бәйжіков енді. Небәрі 5 минутте олар қатқан күлді сүйменмен, балғамен сындырып, сыртқа шығарды. Бұдан артық жұмыс істеу мүмкін емес еді. Егер қабырғаға денең тисе, күлің қалатыны, балғаң тисе, бірің майып болатының анық еді. Осылай жұмыс жалғасты, металлургтер бірін-бірі ауыстырды. 26 сағатқа созылған теңдесі жоқ ерлік пеш жұмысының тоқтаусыз істеуді қамтамасыз етті.


Жүсіпов Мүзафар


Жүсіпов өндірісте жоғарғы көрсеткішке жеткені, Отан алдындағы қызметі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ол бұл жоғарғы марапатты Кремль сарайында Одақтың құрметті ақсақалы М.И.Калининнің қолынан алды. Бұл салтанатқа И.В.Сталин, К.Е.Ворошилов, т.б. партия, үкімет басшылары қатысқан.

Жүсіпов Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындаға еңбек ерлігі үшін», «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне», т.б. медальдармен марапатталған. Бірінші сайланған Қарағанды облыстық кеңесінің депутаты.

Жүсіпов есімі Жезқазған қаласындағы көшелердің біріне берілген.

(Л.А.Пинегина, С.А.Федюкин. Жезказган – город меди. «Наука». Алматы.1966.

С. Бүкіров. Жарқын жылдар жаңғырығы. Алматы, 2010).


Жылқайдаров Әбдікәрім (1903, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, №8 ауыл – 1949, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай қалашығы) 1918—1924 жылдары Қызылорда облысында бір байда жалшы болады, 1924 жылы Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатының металлургия цехына фурмашы болып қабылданады. Осында 1938 жылы сауатсыздықты жою мектебін бітірген, мамандық шеберлігін көтеру үшін техминимумды меңгеріп, сынақтан сүрінбей өткен. Коммунистік партияның мүшелігіне қабылданады. 1937 жылы конвертор шебері болып тағайындалды. Стахановшылар қозғалысына қатысқан конверторшылар конвертордың жөндеу аралық кезеңде беретін балқымалардың санын 65-тен 220-ға жеткізді. Цех бастығы Е.Д.Гетманның бастамасымен бір топ майталман металлургтер, оның ішінде Жылқайдаров бар, бір тоқсан ішінде шапшаң балқыма алу санын 120-дан 160-қа жеткізді. Ұлы Отан соғысы жылдары шапшаң балқыманың санымен салмағы 15—40 пайызға дейін өсті.


Зенковский Аркадий Иванович (1920, Ресей, Тюмень облысы, Аромашев ауданы, Большой Кучеряк селосы – ө.ж.б.) – Кеңес одағының батыры. Соғыс басталғанда Қарағанды облысы Қарсақбай кентінде еңбек етті. 1943 жылы 13 ақпанда Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Воронеж майданына аттанды. Курск иінінде болған ұрыстарда 6 гвардия атқыштар дивизиясының қатарында пулеметшы Зенковский ерлік пен батырлық көрсеткен. 1945 жылы 31 қаңтарда Суворов орденді Қызыл Тулы №6 Ровно атқыштар дивизиясы Богдан Хмельницкий орденді 10-гвардиялық атқыштар полкының 5-ротасының командирі кіші лейтенант Зенковский КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 10 сәуірдегі Жарлығымен Совет Одағының Батыры атағы берілді.


Зенковский Аркадий


Зуб Григорий Павлович (1872—1944) – күн күйдірген тастақты, жері құнарсыз Қарсақбай кентінің жанында аумағы 13 га үлкен саябақтың негізін қалады. Әуелі барлығы алты қатар жас терек пен қараағашты екті. Артынан акация, шие, итмұрын, жиде өсіп шықты. Зуб әрбір ағашты, бұтаны, жеміс-жидекті, гүлдерді қалын кілемдей әдемі орналастырды. Саябақ ішінде футбол, жеңіл атлетика алаңы, жазғы театр, парашют мұнарасы, т.б. жұмыс істеді. Металлургтердің сүйікті демалыс орны болды. Бұл Ұлытау өңіріндегі тұңғыш саябақ еді, кейін ол барлық ірі елді мекендерде пайда болды. Зуб осы өзі өсірген саябақта жерленген.


Зуб Григорий


Иванов Василий Иванович (1898, Тверь қаласына жақын елді мекенде шаруа отбасында туған) 1911 жылы Санкт-Петербергтегі финлянд пароход қоғамында қолбала болып істеген. 1917 жылдың ортасында әскери қызметке қабылданған. Осында қызыл әскердің бірінші Ленинград темір отрядының қатарына кіріп, Финляндия майданында соғысқа қатысқан.

БК (б) П Орталық Комитетінің қауылысымен Орталық Бақылау Комиссиясының қарамағына жіберілген. Орал округінде жұмысшы-шаруа инспекциясы бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып, округ тарағанша істеді.

Иванов 1931 ж. қазан —1935 ж. шілде аралығында Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатының директоры болып істеді. Оның келуімен комбинаттағы жағдай жақсарды. 1932 жылы – 3879,29 т, 1933 жылы – 3526,219 т, 1934 жылы – 3945, 1935 жылы – 4376 т мыс балқымасын алдырды. Осы кезеңде мыс кенін өндіру 15 пайыз көбейді. Қалың көпшілік арасында үгіт-көпшілік, мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізуге белсене қатысты.

Қазақстан партия ұйымында өлкелік жұмысшы-бақылау инспекциясы бақылау комитетіне мүше, кейінірек өлкелік партия комитетінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің, сонымен қатар қазақ өлкелік Орталық атқару комитетінің, облаткомның мүшесі болды.

ҚР МОМ, қор 141, т-16, іс 4212, 3—13 беттер.


Иванишко Федор Яковлевич (1910 – ө.ж.б.) Қызыл әскер қатарына Қарсақбайда жұмыс істеп жүрген кезінде шақырылды. Отан үшін болған соғыста өзін ержүрек, мерген пулеметші жауынгер ретінде көрсетті. 1943 жылы 31 желтоқсанда ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, 1944 жылы 2 наурызда ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, одан кейін біраз уақыттан соң І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Иванишко 76-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының жеке гвардиялық атқыштар батальонның пулеметшілер тобының командирі болып, 1944 жылы жазда Белоруссия жерінде болған шайқаста ерекше көзге түсті. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы жарлығымен «Даңқ» орденінің толық иегеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.


Иванишко Федор


Игібаев Уәлі (1902, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Ұлытау болысы – 1960, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай қалашығы) 1936 жылдың шілдесінен зейнеткерлікке шыққанша Қарсақбай темір жолында паровоз машинисі болып істеген. Жұмыста міндетін жауапты атқаратын, мамандығына жетік, үздік паровоз машинисі екенін көрсетті. Өндірістік нормасын ай сайын 110—115 пайыз асыра орындап отырды. Талай жастар Игібаевтін тәрбиесін көріп, тәжірибесін үлгі етіп, даңғайыр темір жолшылар қатарына қосылды. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Еңбекте үздік шыққаны үшін» (1949), «Ерлік еңбегі үшін» (1951) медальдарымен марапатталған. Игібаев адамгершілігі мол, жүрегі жылы, қол ұшын беруге дайын дара тұлға болатын. Торқалы тойда, топырақты өлімде шаруаның ортасында жүруші еді. Ақеділ ағаның сауапты еңбегіне қарсақбайлықтар дән риза болып жүрді.


Игібаев Уәлі


Казазаев Тихон Михайлович (1910, Ақмола облысы, – ө.ж.б.) – Қарсақбай мыс қорыту зауытында 1928 жылы 19 қазанда алғашқы мыс алуға қатысқандардың бірі. 1930 жылдың ақпанына дейін металлургиялық цехта горновойдың шәкірті болды. Осыдан соң 1932 жылға дейін кіші горновой, 1933 жылдың 2 наурызына дейін аға горновой, 1939 жылдың 3 қарашасына дейін шарпу пешінде шебері болып істеді. Ұлы Отан соғысы жылдары ауысым бастығы және шебері міндеттерін (30.06.1941—31.12.1947) біріктіріп атқаруды мойынына алды. 1948 жылы 1 қаңтарынан зейнеткерлікке шыққанша шарпу пеші бөлімшесінің аға шебері міндетін абыройлы атқарды. Коммунистік партия мүшесі. Бастауыш білімі бар, техминимумды ойдағыдай тапсырған. Өзінің кәсіптік білімін көтеруге ерекше мән берді, саладағы жаңалықтар мен озық тәжірибені өндіріске еңгізіп отырды, жас жұмысшыларға тәлімгер болды. «Түсті металлургиядағы социалистік жарыстың үздігі» төсбелгісінің иегері. Еңбек Қызыл Ту орденімен (27 қазан 1951), «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін», «Ерлік еңбегі үшін» (1949) медальдарымен марапатталған.


Казазаев Тихон


Кәсіподақтар жұмысы туралы 1926 жылы 10—15 қазанда өткен Қарсақбай аудандық бірінші партия конференциясы арнайы қарар қабылдады. 1926 жылы мамырда 706 жұмысшы қызметкер еңбек етсе, қыркүйекте 1623 адам жұмыс істеді, оның 743-і Ресейдің орталық облыстарынан келген еді. Жезқазған кенішінің кәсіподақ мүшелігіне жұмыс істейтіндердің 90 пайызы тартылған.


Қарсақбай ЛКСМ аудкомының бөлім меңгерушісі Н. Жукова


1927 жылы Қарсақбай аудандық тау-кен жұмысшылары кәсіподағының бірінші конференциясы өтті. Есепті мерзімде капиталистік елдерде ереуілші кеншілерге көмек қорына 450 сом 24 тиын жиналған. 167 кәсіподақ мүшелері газет-журналдарға жазылған. Жезқазған кенішінде клуб пен «қызыл бұрыш», Байқоңырда «қызыл бұрыш» оқу бөлмесімен, Қарсақбайда 2500 кітап қоры бар кітапхана ашылды.

1928 жылы 1 қазанда Қарсақбай комбинатында 3716 адам жұмыс істеді, олардың ішінде жұмысшылар 2959. «Атбастүстімет» тресінің баяндамасы 1929 жылы 11 қарашада Москвада тау-кен жұмысшылары кәсіподағының орталық комитеті төралқасының мәжілісінде тыңдалды. Қабылданған шешімде социалистік жарысты өрістету, ұжым мүшелері арасында рационализаторлық және өнертапқыштық қозғалысты өрістету, өндірістік кеңестердің ролін арттыру міндеті қойылды. 1930 жылы мамырда социалистік жарыспен ұжымның 83 пайызы қамтылды, жалпы тиімділігі 300 мың сом рационализаторлық ұсыныстар өндіріске енгізілді. Келесі жылы зауытта өндірістік кеңестердің, рационализаторлар мен өнертапқыштардың ұсыныстарын іске асыру арқылы 1 млн 130 мың 661 сом үнемделіп, өнімнің өзіндік құнын 7,53% кемітуге мүмкіндік берді.

Кәсіподақтар жұмысшылардың демалысын ұйымдастыруға, ойын-сауық, мәдени-көпшілік, дене тәрбиесі және спорт шараларын ұйымдастыруға басты назар аударды. Отызыншы жылдардың басында Ұлытауда металлургтердің демалыс үйі ашылды. Онда жыл ішінде 600-дей жұмысшы-қызметкер дем алып, денсаулығын түзеді. 1938 жылы жазда «Ұлытау» кеңшары негізінде ұйымдастырылған пионер лагерінде 300-ден астам металлургтердің, кеншілердің, ұжымшаршылардың балалары демалды.


Кенебаев Нарымбай (1903, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Бала Жезді ауылы – 1988) – Қарсақбай зауытына еңбегі сіңген металлург. Еңбек жолын Қарсақбай комбинатында озат паровоз машинисі болған Даяр Мырзатовқа көмекші болып бастаған. ІІ дүниежүзілік соғысы кезінде металлургтер Қамен Сейтенов пен Мұхмет Қошановтың ауысымдарында фурмашы болып еңбек еткен. Зуыттың шарпу және конвертор пештерін жөндеуге қатысқан. Мерекелердің құрметіне көтерілетін зауыттың 100 метрлік зәулім тұрбасының ұшар басына ту ілушінің бірі болған.

Страницы книги >> Предыдущая | 1 2 3 4 5 6 | Следующая

Правообладателям!

Представленный фрагмент книги размещен по согласованию с распространителем легального контента ООО "ЛитРес" (не более 20% исходного текста). Если вы считаете, что размещение материала нарушает ваши или чьи-либо права, то сообщите нам об этом.

Читателям!

Оплатили, но не знаете что делать дальше?


Топ книг за месяц
Разделы







Книги по году издания